1974 жылдан бастап Сәтбаев қаласының мәдени орталығы

Ш. Ділдебаев атындағы кеншілер сарайының тарихы 1974 жылдан басталады. Сол жылы ғимарат қала тұрғындарына «Байқоңыр» кинотеатры ретінде танылды.
1996 жылғы 5 наурыздағы № 281 қаулыға сәйкес Сәтбаев қаласындағы «Кеншілер сарайы» кешеніне Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Шынболат Ділдебаевтың есімі берілді.
2000 жылы ғимарат күрделі жөндеуден өткізіліп, мекеме Ш. Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайы ретінде өз жұмысын жалғастырды. 2002 жылы сарайда Шынболат Ділдебаевқа арналған мұражай ашылды.
Бүгінде Ш. Ділдебаев атындағы кеншілер сарайы— Сәтбаев қаласының мәдени өміріндегі маңызды орындардың бірі. Қазіргі таңда орталықта 16 үйірме жұмыс істейді, 400 ден аса қатысушылар қамтылған.
Шынболат Ділдебаев мұражайы— қазақтың белгілі ақыны, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Шынболат Ділдебайұлының өмірі мен шығармашылығын, рухани мұрасын дәріптеуге арналған мәдени орын. Мұражай 2002 жылы Ш. Ділдебаев атындағы кеншілер сарайында ашылды.
Байланыс ақпараты:
Мекенжайы: Ұлытау облысы, Сәтбаев қаласы, Сәтбаев даңғылы, 106-үй.Телефон: +7 (71063) 3-34-70.
Жұмыс уақыты: Дүйсенбі–жұма, 09:00–18:30.
Сәтбаев қалалық көрме залы — өңірдің бай тарихи-мәдени мұрасын сақтап, оны келешек ұрпаққа таныстыратын мәдени-ағартушылық мекеме.
Көрме экспозициясы қола дәуірінен бастап бүгінгі күнге дейінгі тарихи кезеңдерді қамтиды. Мұнда өңірдің ежелгі тарихы, археологиялық мұрасы, өлкенің қалыптасуы мен Сәтбаев қаласының даму тарихы туралы мәліметтер ұсынылған. Көрмеге келушілер туған өлкенің өткенімен танысып, тарихи құндылықтар мен мәдени мұраны тереңірек тануға мүмкіндік береді.
Мекенжайы: Ұлытау облысы, Сәтбаев қаласы, Сәтбаев даңғылы, 106-үй.Телефон: +7 (71063) 3-34-70.
Жұмыс уақыты: Дүйсенбі–жұма, 09:00–18:30.

Шынболат Ділдебаев (1937–1998) — ақын-импровизатор, термеші, айтыскер әрі домбырашы, қазақ даласының жыраулық және терме дәстүрін жалғастырушы. 1937 жылы 22 сәуірде Қызылорда облысы Шиелі ауданының Сұлутөбе ауылында дүниеге келген.
Отыз жылдан астам уақыт Жезқазған кенішінің №45 шахтасында кенші әрі ауысым шебері болып еңбек етіп, ауыр жұмысты ақындықпен ұштастырды. 1980 жылдардан бастап республикалық ақындар айтысының тұрақты жүлдегері, шебер термеші ретінде танылды. «Шындық» толғауы мен «Кенші сыры» (1993), «Жылжиды жылдар» (1997) жинақтары қазақтың ауызша поэзиясының қазынасына қосылды.
Ұлт мәдениетіне қосқан үлесі үшін «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» атағына ие болды (1991); Сәтбаев, Қызылорда, Ақтөбе қалаларының және Шиелі ауданының құрметті азаматы атанды. Ақын 1998 жылы 7 қарашада Сәтбаев қаласында дүниеден өтті. 2002 жылы Сарай жанынан оның музейі ашылды, ал мекеме бүгінде Шынболат Ділдебаевтың есімін мақтанышпен алып жүр.
Концерттер, спектакльдер, шеберханалар — барлық іс-шараларды афишадан қараңыз.
101300, Сәтбаев қ., Қазақстан
